Ақтауда мүгедектігі бар жандарға қайыр сұратып, «отбасылық кәсіп» жасаған 3 адам сотталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сотталған адамдар Ақтау қаласында мүгедектігі бар екі адамды күштеп ұстап, қаржы табу мақсатында пайдаланған. Аяғы жоқ екі жәбірленушіні Қарағанды қаласынан Семей қаласына алдап апарып, кейіннен Ақтауға әкеліп, жергілікті базарларда қайыр сұрауға көндірген.
Тапқан ақшаларын ұйымдастырушылар өз қалтасына басып отырған. Зардап шеккендерді қашуға әрекеттенгені үшін қорқытып, психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен.
Маңғыстау облыстық Прокуратурасының мәліметіне қарағанда, қылмыстық схеманы ұйымдастырған 50-жастағы әйел мен оның екі ұлы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.