"Жалғыз үйін тартып алу үшін есігін теуіп, іргесін торуылдап жүр". Елге бергілі профессор алаяқтардың арбауына түсіп қалды
12:05, 05 шілде 2025
482
сурет: ашық дереккөз
Елге белгілі профессор, барша журналистердің ұлағатты ұстазы, филология ғылымының докторы Кәкен Қамзин алаяқтардың арбауына түсіп қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл жайлы журналист, сарапшы Айбар Олжай жазды:
Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айрылмақ. Алаяқтар ардагер журналист, профессордың сенгіштігін пайдаланып кинодағыдай әрекет еткен. Алдымен Энергосбыт адамдары ретінде хабарласып, мекен-жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің үйін тартып алайын деп тұрғанын айтып, тез үйін сатуға көндіріп, ал ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотында сақтайсыз деп алдаған. Профессор нотариус арқылы үйін сатып, ақшаны алаяқтар жіберген курьерге бере салған.
Қазір Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция департаментінде қылмыстық іс қозғалды. Алматы қаласының Полиция департаменті осы резонансты іске барынша жұмылуды сұраймын. Ішкі істер министрі, құрметті Ержан Саденов осы істі жеке бақылауға алсаңыз нұр үстіне нұр болар еді.
Сот арқылы үйді сату мәмілесін заңсыз деп тану үшін адвокаттардың көмегі керек. Сыйлайтын ағамыз Абзал Құспан кәсіби кеңес берсе үлкен көмек болады. Парламент депутаттары, профессор шәкірттері Жанарбек ӘшімжанНартай СарсенгалиевМақсат Толықбай , арда журналист Ермурат Бапи осы істі назарға алып, үлкен резонанс туғызса профессорды қорғай аламыз. Дәл қазір Кәкен Қамзин жалғыз, үйінде баррикада құрып бекініп жатыр. Пәтерді сатып алғандар кешке, түнде келіп қоқан-лоққы көрсетуде. Іс насырға шауып барады, - деп жазды Олжай.
Кәкен Қамзиннің өзі де болған жағдайға қатысты пікір білдірді:
- Мен қартайған адаммын. Айбардың айтқаны шындық. Арбауға түсіп қалдым. Тап қазір үйді сатып алған адам полициямен келіп үйді босат, әйтпесе МЧС әкеліп бұзып көреміз деп кетті. Сіздердің жедел көмектеріңіз керек. Тоқтатыңыздаршы аналарды. Бір ай мұрсат сұрасам, сатып алушы көнбей қойды, - деді ұстаз.
Кәкен Қамзин - журналист, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің құрметті профессоры.