Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл қаңтарда ер адамды өлтіріп, денесін бөлшектеп, қоқысқа тастаған екі адамды 20 жылға соттады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Azattyq Rýhy сайтының хабарлауынша, сотқа алқабилер де қатысқан. Сотталған ер мен әйелдің аса қатігездікпен адам өлтіргені дәлелденіп, сот оларды 20 жылға соттады.
2025 жылғы 29 қаңтарында сағат 23.00 шамасында Жезқазғандағы пәтерлердің бірінде ішімдік ішіп отырған үшеуі сөзге келіп қалған көрінеді. Ер мен әйел марқұмның қатты мас екенін пайдаланып, оны пышақтап кеткен. Жай өлтірмей, мәйітін бөлшектеп, көрпеге орап, оны қоқысқа лақтырып жіберген. Екі қылмыскердің әрекеті көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған еді.
Прокурор соттан екі сотталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Бірақ, олар сотта кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұраған екен.
Алқабилер алқасының айыптау кесімімен сотталушылар Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3,7-тармақтарымен кінәлі деп танылып, әрқайсы 20 жыл мерзімге сотталды.
Сотталғандардың әрқайсысы марқұмның жақынына 5 млн теңге моральдық зиян және 535 мың теңге материалдық шығын өтеп беруге міндетті.