Ақмола облысындағы Ақкөлде мектеп бітіру кешінен кейін 18 жастағы жігітке белгісіз екі адам шабуыл жасады. Анасының айтуынша, олар кәмелетке толған мас ер адамдар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Оқиғадан кейін жігіт ауруханаға жатқызылды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түлектің соққыға жығылғаны туралы ақпаратты растап, бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын түсіндірді.
"Арыз түскен күні Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық қатысушысы дереу анықталып, жауап алынды", – деп хабарлады құқық қорғау органдары.
Басқарма қылмыстық іс аясында оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын қосты. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.