Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Сот миллиардер Әлібековтің қалауын орындайтын даяшы сияқты ма?" - Бейбіт Әлібековтың көлігімен апатқа түскен жігіттің соты наразылық тудыруда

11:43, 15 мамыр 2025 246
 

Алматы облысының Іле аудандық сотында қаралып жатқан атышулы іске қатысушылар судья әрекеттеріне наразылық білдірді. Сотта адвокаттар мен жәбірленуші тарап сұрақ қою құқығы шектелгенін айтып отыр, деп хабарлайды Alash.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеп.

Бұл туралы адвокат Сәуле Қобжанова хабарлады. 

25 жылдық тәжірибесі бар адвокат алғаш рет – әрі бір емес, екі мәрте – судьяға қарсы отвод (қарсылық) білдіруге мәжбүр болды. Бұл – Іле аудандық сотында қаралып жатқан іс кезінде орын алды. Жәбірленуші тарап – көлік қағып өлтірген азаматтың туған әпкесі – сот әрекеттерін "бауырының рухын қорлау" деп бағалады.

Мәселе – танымал блогер Бейбіт Әлібековтің атымен байланысты іске қатысты. Lamborghini көлігімен адам қағып өлтірді деп айыпталған іс бойынша басты куәгер ретінде Әлібековтің жауап беруі тиіс болатын. Алайда ол сотқа онлайн қосылып, жауап берді. Бұл шешім адвокаттар мен жәбірленушілердің наразылығын туғызды.

Сот куәгер Бейбіт Әлібековтің адвокаты түсірген онлайн жауап алу туралы өтінішті қабылдап, оны қанағаттандырды. Бұған дейін сот бұл істі тек офлайн форматта қарау керек деген қаулы шығарған болатын. Адвокаттар бұл шешімге наразы болды. Олардың айтуынша, куәгер сотқа екі апта бұрын шақырылғанын біліп, өз жоспарын алдын ала өзгерте алатын еді.

Соған қарамастан, сот куәгердің Астанада екенін айтып, онлайн жауап беруге мүмкіндік берді. Алайда сұрақ қою кезінде Әлібековтің Қарағандыда екені анықталды – ол дәл сол күні ұшып барған. Адвокат сұрақ қоюды жалғастырмақ болғанда, судья айқайлап, телефонды алып қоюды талап еткен.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Гаухар Сәлімбаева сұрақтарын қойған кезде де сот оны бөліп, дауыс көтеріп, кейін мүлде сұрақ қоюға мүмкіндік бермеген. Бұл әрекеттерге қарсы екінші адвокат та наразылығын білдірмек болғанда, судья екеуіне де айқайлап, оларға қарсылық білдіруге құқықтары жоқ екенін мәлімдеген.

Адвокаттар мұндай мәлімдеме ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 334-бабы 2-бөлігіне қайшы екенін атап өтті. Сот отырысындағы бейтараптық пен әділдікке күмән келтірген бұл әрекеттерден кейін марқұмның әпкесі де, анасы да сот залынан кетіп қалған.

Адвокаттың айтуынша, сот барысында судья куәгердің орнына өзі жауап беруге тырысқан.

"Мен куәгердің өзінен жауап естігім келетінін айттым. Ал судың орнына жауап беру – бұл әділдікке мүлдем жат қылық", – дейді ол.

"Егер адвокаттарға сұрақ қоюға мүмкіндік берілмесе, оларды қорлап, олардың қарсылығын қабылдамаса, сот процесінің форматы танымал блогерлердің ыңғайына қарай өзгерсе, онда мұндай процестен әділет күтуге болмайды", – дейді жәбірленуші тарап.

Бұл жағдайға қатысты белгілі журналист Гүлбану Әбенова пікір білдірді. 

"Ол блогерліктен тапқан миллиардтаған табысынан салық төлемейді. Оған болады. Ол сотқа келмей, дәл сол күні Қарағандыға ұшып кете алады. Оған болады.. Сот процесі тек офлайн өтуі тиіс. Бірақ Әлібековке онлайн болады. Оған тіпті адвокаттардың сұрақтарына жауап бермеуге де – себебі сот адвокаттарға айқайлап, сұрақ қоюға мүмкіндік бермейді ме? Сот миллиардер Әлібековтің қалауын орындайтын даяшы сияқты ма? Әлде ол сотқа ақша төлеп қойған ба?

Сонда қалай, элиталы көлік астында қаза тапқан жігіттің өліміне қарамастан, бұл адамға осындай жағдай не үшін жасалып отыр? Бәлкім, сот соңында марқұмның туыстары Әлібековке көліктің жалдау ақысын да төлеуі тиіс болар?", - дейді журналист. 

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылы қазанда болған еді. Алматы облысында Lamborghini Aventador көлігінен секірмек болып қаза тапқан Батырхан Ержанның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Рөлде 45 жастағы ер адам отырған. 

Ауыр жарақаттан жігіт ауруханада қаза тапқан. Телеарна мәліметінше, марқұм Батырхан Ержан ТикТок желісіне алғашқы видеоларын осыдан екі жыл бұрын сала бастапты. Өзі тап болған түрлі жағдайды әзілмен жеткізіп, кейбір видеосы сегіз миллион рет қаралған. Бірақ бұған дейін жігіттің экстремал контент түсіргені байқалмаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар