Көлсай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне былтыр 400 мыңға жуық турист барған. Кейінгі 5 жылда онда баратын саяхатшылар санының күрт артуы — Көлсай мен Қайыңды көлдеріне және оған жақын маңдағы табиғатқа кері әсер етуі мүмкін бе?
Kazinform сарапшылар мен экологтарға осы сұрақты қойып көрді, деп жазады Alash.KZ.
«Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен 300 киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсында дәретхана қойылмаған. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды су жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осының салдарынан тұмса табиғаттың экологиясы бұзылып жатыр. Түтіні будақтаған көліктер де көлдің басына дейін барады. Сондықтан Көлсайда тиісті шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз», — деді депутат Данияр Қасқарауов.