Әлеуметтік желілерде Каир қаласында құқық қорғау органдарының шетелдіктерге рейд ұйымдастырған сәті түсірілген видео тарады. Ұсталғандардың арасында студенттер де бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қазақстан, Өзбекстан және Ресейден келген отбасылар апта бойы туыстарын таба алмай жүр. Оларды күштеп үйден немесе көшеден алып кетіп жатыр.
Ұсталған студенттердің айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері оқу орындарының маңында күтіп тұрып, студенттерді ұстап, олардың елде заңды түрде жүргеніне қарамастан, депортациялауда. Жергілікті халықтың сөзінше, ұстау кезінде полиция қызметкерлері азаматтардың барлық жеке заттарын тартып алып, кейін қайтармаған.
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі отандастарымыздан ешқандай ресми өтініш түспегенін, бірақ Египеттегі студенттермен көші-қон заңнамасын сақтау мәселесі бойынша алдын ала әңгімелесу өткізгенін хабарлады.