Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шымкентте қараусыз қалған тыл ардагеріне көмек берілді

16:38, 13 мамыр 2025 162

Тыл ардагеріне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әлеуметтік қорғау басқармасы.

Шымкент қаласының тұрғыны, 1933 жылы туған  М.П қараусыз қалғаны туралы хабар келді. Хабарламада А. Асқаров көшесі бойындағы пәтерде қарт әжей  қараусыз қалғаны туралы айтылған.

Хабар түскен соң, Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» қызметкерлерінен құралған мобильді топ көрсетілген мекенжайға барып, жағдайды тексерді. Пәтердің есігі жабық болғанымен, ішінен әйел адамның жатқаны байқалған.

Көршілерінен сұрау барысында Р есімді азаматша егде жастағы әйелдің М есімді әжей екенін растады. Оның айтуынша, күнделікті күтім көрсетіп жүрген сіңлісі соңғы үш күнде мүлде көрінбеген.

Жағдайға байланысты учаскелік полиция, Тұран ауданының әлеуметтік қызметкерлері және учаскелік дәрігер шақырылды. Әжейдің сіңлісімен байланыс орнату мүмкін болмағандықтан, көршілердің жазбаша арызы негізінде пәтер есігі төтенше жағдайлар қызметі арқылы ашылды.

Пәтер ішінен қарт ана ауыр жағдайда отырған күйде табылды. Әжей шұғыл түрде “Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу” орталығына  жеткізіліп, шомылдырып, тамақтандырылып, медициналық бақылауға алынды. 

Қазір оның жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстап отыр. Құзырлы органдар оқиғаға байланысты тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Еске ала кетейік, алдында Шымкентте тыл еңбегінің ардагері адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын айтқан болатынбыз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар