Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің жақындары атышулы Елдос Коспаев ісінде бас көтерді, деп хабарлйды ALASH.KZ  Ertenmedia.kz сайтына сілтеп.

Сот шешіміне қарағанда, Елдос Коспаев пен оның серіктері 2019 жылдың сәуірінен 2020 жылдың желтоқсанына дейін «AV-Construction» компаниясына тиесілі бірнеше жылжымайтын мүлікті заңсыз жолмен сатып, компанияның заңды иелеріне қомақты шығын келтірген.

Қылмыстық топ мүшелері құрылыс компаниясына сеніп тапсырылған пәтерлер мен коммерциялық орындарды әдейі өзіндік құнынан әлдеқайда төмен бағамен сатқан. Осы заңсыз схемаларға экс-әкімнің әкесі Қыдырғали Байбектің тікелей қатысы болған.

Сот құжаттарында көрсетілгендей, компанияның бірнеше жауапты қызметкерлері қылмыстық топ басшысы Елдос Коспаевтың тапсырмасымен Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке Алматыдағы Каппаров көшесінде орналасқан бір пәтер мен екі коммерциялық нысанды төмен бағаға өткізген.

Мысалы, 2019 жылы жалпы ауданы 114,7 шаршы метрлік пәтер небәрі 43,5 миллион теңгеге сатылған. Ал 2020 жылы дәл осы көшеде орналасқан екі коммерциялық бөлме де әдейі арзандатылған бағамен берілген. 121,6 шаршы метрлік нысан – 50 миллион теңгеге, ал 97,6 шаршы метрлік екінші нысан – 40,4 миллион теңгеге сатылған. Бұл бағалар сол кездегі нарықтық құннан айтарлықтай төмен болған.

Сот бұл әрекеттердің салдарынан «AV-Construction» компаниясы мен оның заңды иелеріне 65 миллион 946 мың теңге шығын келгенін анықтады.

Осылайша, сот материалдары Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің жақындарының Елдос Коспаевтың қылмыстық схемаларына тікелей қатысы бар екенін растап отыр.