Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Головкин қайтадан рингте! GGG мансабын кіммен аяқтайды?

17:07, 15 тамыз 2025 169

Қазақ жанкүйерлерінің сүйікті спортшысы, орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий «GGG» Головкиннің (42-2-1, 37 КО) рингтегі соңғы қарсыласы кім болуы мүмкін екені туралы жаңа болжамдар пайда болды, деп хабарлайды Alash.kz.

Жақында 2004 жылғы Олимпиада чемпионы, WBA, WBC және The Ring белбеулерінің бұрынғы иегері, америкалық Андре Уорд (32-0, 16 КО) спортқа қайта оралатынын ресми мәлімдеді. Ол 2017 жылы жеңіліссіз мансабын аяқтап, бокстан кеткен еді. Бұл жаңалық бірден бокс әлемінде қызу талқыға түсіп, беделді Sports Illustrated басылымы Уордтың ықтимал қарсыластарын атады. Сол тізімнің алғашқы қатарында — Қарағанды облысының тумасы Геннадий Головкин тұр.

Мамандардың айтуынша, Головкин мен Уорд арасындағы жекпе-жек бұрыннан жоспарланған болатын. 2015 жылы екі тарап келіссөз жүргізгенімен, ол кездесу өтпей қалған. Себебі, Roc Nation Sports дерегінше, сол сәтте Головкин Давид Лемьеге қарсы орта салмақтағы біріктіру айқасына дайындалып жатқан.

43 жастағы Головкин соңғы рет 2022 жылы рингке шығып, екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альвареспен үшінші мәрте қолғап түйістірді. Сол жекпе-жекте төрешілердің шешімімен жеңіліп қалған қазақстандық боксшы содан бері кәсіби айқастарға қатысқан жоқ.

Sports Illustrated пікірінше, GGG мансабын дәл сол жеңіліспен аяқтағысы келмейді және қоштасу жекпе-жегін өткізуге дайын болуы мүмкін.

— Головкин мен Уорд арасындағы айқас Майк Тайсон мен Рой Джонстың кездесуін еске түсіретін тарихи сәт болмақ, — деп жазады басылым.

Сонымен қатар, Уордтың ықтимал қарсыластары қатарында 43 жастағы британдық экс-чемпион Тони Белью (30-3-1, 20 КО) және шоумендігімен танымал америкалық блогер-боксшы Джейк Пол (12-1, 7 КО) да аталады.

Егер Геннадий Головкин мен Андре Уорд арасындағы кездесу жүзеге асса, бұл соңғы онжылдықтағы ең тосын әрі қызықты жекпе-жектердің біріне айналары сөзсіз. Қазақ жанкүйерлері үшін бұл рингте аңызға айналған GGG-нің қоштасу сәті болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар