Әзірбайжанда орыс тілінде білім беретін мектептер жабылуы мүмкін. Бұл мәселе ел ішінде бейресми түрде қызу талқыланып жатыр. Осы ретте Mezgil.kz сайты Modern.az порталының бас редакторы Елшад Ейвазлы сұқбаттасып, елдің Білім министрлігі мен мемлекеттік құрылымдарындағы осы мәселеге қатысты нақты жасалып жатқан қадамдар туралы айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Әзірбайжандағы орыстілді мектептердің тағдыры – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Ел ішінде бұл білім ошақтары ұзақ жылдар бойы қызу пікірталас тудырып келеді. Олар тәрбиелік миссиясынан гөрі кеңестік идеологияның сарқыншағы, посткеңестік элитаның жалған нышаны ретінде қарастырылып отыр.
Бұл туралы Елшад Ейвазлы: "Бұл мектептер тәуелсіз Әзірбайжанның ұлттық мүддесіне қайшы келеді. Олар өз миссиясын аяқтады. Жабылуы тиіс", – деп жазды.
Әзірбайжан қоғамында орыс тілін "жабық есіктердің кілті" ретінде көру үрдісі әлі сақталғанымен, бұл көзқарас жасанды әрі шынайы ұлттық құндылықтардан алшақ екені айтылады. Басылым мәліметінше, орыс тілі арқылы елде тек қатынас тілі емес, сонымен қатар сана мен құндылықтарға да идеологиялық ықпал жасалып келген.
Портал сарапшыларының пікірінше, қазіргі жастар орыс тіліне емес, ағылшын, түрік, тіпті қытай мен араб тілдеріне бет бұрған. Бұл да Әзірбайжан халқының құндылықтар жүйесінің өзгергенін аңғартады.
"Өтпелі кезең аяқталды. Енді шешім қабылдайтын кез келді", – дейді олар.
Журналистік деректерге сүйенсек, елдегі орыстілді мектептер кезең-кезеңімен әзірбайжан тіліне көшірілуі мүмкін. Мектептердің ішкі «WhatsApp» топтарында ата-аналарға ескерту жасалып, үш жыл ішінде толықтай ана тіліне көшу процесі жүзеге асады деген хабарлар тараған.
Әзірбайжандық әріптестеріміздің айтуынша, бұл – ел тәуелсіздігін бекемдеуге бағытталған нақты саяси шешім. Егер бұл процесс жүзеге асса, онда Әзірбайжанның ұлттық мүддесі мен түркілік бағытына толық бет бұрғанын көруге болады.