Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Дәрігерлер әйелдің ішіне дәке қалдырып кеткен": Науқас бір апта кешіккенде аман қалмас еді

14:04, 02 шілде 2025 531

Алматыдағы перзентханалардың бірінде кесар тілігі арқылы босанған әйелдің ішіне дәрігерлер дәке қалдырып кеткен. Бұл туралы белгілі заңгер Анна Чернова Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Заңгердің айтуынша, алматылық әйел үшінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін бір күннен соң қатты ауырсыну сезініп, дәрігерлерден толықтай тексеру жүргізуді сұраған. Алайда дәрігерлер УДЗ жасап, "бәрі таза" деп оны үйіне шығарып салған.

"Клиентіміз 9 ай бойы шыдатпас ауырсынуға шыдап келді. Ұйқысы бұзылды, тамақ іше алмады, қозғалу қиын болды, тіпті сәбиді қолына ала алмады. Жекеменшік клиникаларға қаралды, көптеген тексеруден өтті, бірақ нақты себеп табылмады", – деп жазды Анна Чернова.

2025 жылдың мамыр айында әйелге КТ жасалып, кіші жамбас аймағында бір түрлі заттың бар екені анықталады. Дәрігерлер қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдікпен оны шұғыл ауруханаға жатқызған.

3 маусымда өткізілген шұғыл операция барысында дәрігерлер әйелдің ішінен ұмыт қалған марля салфетка тапқан. Бұл дәке кесар тілігі кезінде қалдырылған болып шықты. 9 ай бойы іште жатқан марля қабыну процесін, перитонитті тудырып, ішкі ағзаларды зақымдаған. Ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келген.

Операция 7 сағатқа созылып, оған төрт хирург қатысқан. Дәрігерлердің айтуынша, егер бір апта кешіккенде, әйелді аман алып қалу мүмкін болмас еді.

Қазіргі уақытта науқас калоприемникпен өмір сүруге мәжбүр, әрі кем дегенде 1,5 жыл көлемінде екінші күрделі операцияны күтуі тиіс. Ол ішектің қалпына келуін, ағзаның қайта оңалуын қажет етеді. Дәрігерлер толық сауығып кететініне ешқандай кепілдік бермеген.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет сапасын бақылау комитетіне өтініш жіберілгенін мәлімдеді.

"Қазір тексеріс басталды. Нәтижесіне байланысты заң аясында шаралар қабылданады", – деді басқарма өкілдері.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар