Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Жерге лақтырып, шашымнан сүйреп, тепкіледі": күйеуінен қорлық көрген әйел жанұшыра көмек сұрайды (ФОТО)

22:58, 02 шілде 2025 1864

Әлеуметтік желіде Валерия есімді әйелдің соққыға жығылғаны туралы ақпарат кеңінен тарады. Жәбірленуші бұл әрекетке күйеуі, төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері – Илларион Иванович Захаровтың кінәлі екенін айтып, өзінің бастан өткерген ауыр жағдайын ашық баяндады, деп хабарлайды Alash.kz.

Валерияның айтуынша, күйеуі оған бірнеше мәрте қол көтеріп, ауыр соққы жасаған. Ол әйелді жерге итеріп құлатып, тепкілеп, шашынан сүйреген. Нәтижесінде омыртқасы, құйымшағы ауыр жарақаттанған және бетінде ауыр гематома қалған. Бұдан бөлек, жәбірленуші оның 16 жасар қарындасына да жыныстық сипаттағы әрекеттермен қысым көрсеткенін мәлімдеді.

"Илларион Иванович Захаров – төтенше жағдайлар қызметкері. Көпшілік оны сыпайы, көмектесуге дайын азамат ретінде тануы мүмкін. Алайда менің және менің отбасымның басынан өткен жағдай оның шынайы бейнесін ашып берді. Ол мені қатыгездікпен ұрып-соғып, жерге лақтырып, шашымнан сүйреп, тепкіледі. Арқа омыртқам мен құйымшақ аймағым әлі күнге дейін ауырады, бетімде ауыр гематома бар.

Бұған дейін де ол менің 16 жасар қарындасыма тиіскен. Мен бар күшімді жинап, полицияға арыз түсірдім. Бірақ осыған дейін ол не кешірім сұрады, не кінәсін мойындады. Ол бәрін мойындаудың орнына 150 мың (қандай валюта екені белгісіз - ред.) беріп, арызымды қайтарып алуымды сұрады. Егер кінәсіз болса, неге ақша ұсынып, қашуға тырысады?", – дейді Валерия.

Ол өзінің жалғыз әрі қорғансыз екенін айтып, қоғамнан қолдау сұрады.

"Ол бұрын да мені "өзі құлап қалды" деп ақталған. Қазір де сол сөзін қайталайды. Бірақ менің қолымда дене жарақаттарын дәлелдейтін медициналық анықтамалар бар. Ол мен үшін ешкім араша түспейді деп сенеді, сондықтан да ештеңеден тайсалмайды.

Жағдай тіпті күрделі: менің ісім туралы нақты жауап беретін бірде-бір орган жоқ. Біресе "іс тергеуде", біресе "мүлде жоқ" дейді. Барлығы істі әдейі жасырып, тежеп жатқандай әсер қалдырады.

Сондықтан мен қоғамнан, сіздерден көмек сұраймын. Бұл оқиғаның барынша жария болуын қалаймын. Бұл – менің соңғы мүмкіндігім. Ол жазалануы тиіс. Қызметінен шеттетіліп, заң алдында жауап беруі керек. Өйткені ертең менің орныма басқа әйел немесе жас қыз түсуі мүмкін", – деді ол.

Желі қолданушылары мен қоғамдық белсенділер бұл мәлімдемеге үн қосып, жәбірленушіні қолдап, зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту қажет екенін айтты.

Бастапқыда әлеуметтік желіде бұл жағдай Қырғызстанда орын алғаны туралы мәлімет тарады. Алайда бұл оқиға бойынша Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі (МЧС КР) ресми мәлімдеме жасап, аталған жағдайға өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлады.

"Тараған ақпараттағы оқиға Ресей Федерациясының Якутск қаласында болған. Валерия – Ресей азаматы және Якутскіде тұрады. Сондықтан Қырғызстандағы Төтенше жағдайлар министрлігінің бұл оқиғаға қатысы жоқ", – делінген ресми хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар