Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Жарыс Индонезияның Бали аралында өтті, деп жазды Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі. Бұл жайлы ALASH.KZ порталы хабарлады.
Шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы Жапония командасымен шеберлік байқасты. Тартысты бәсеке 45:39 есебімен жапондардың пайдасына аяқталды. Осылайша, қазақстандық спортшылар құрлықтық додада екінші орыннан көрінді.
Күміс жүлде иеленген команданың құрамында өнер көрсеткен спортшылар: Эльмир Әлімжанов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай.
Айта кетейік, жапон командасы — 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері.Олар финалда Венгриядан ұтылған болатын.
Азия чемпионаты аясында бұл – Қазақстан құрамасының екінші медалі. Бұған дейін Вадим Шарлаимов жекелей сында үшінші орын алып, қола медаль иеленген.