Президент Тоқаев Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесті өз қолына алды деп жазады Alash.KZ.
Қаңтар трагедиясына дейін аталған кеңеске экс-президент Назарбаев төрағалық еткен. Енді жаңа жарлыққа сәйкес, кеңес тікелей Мемлекет басшысының жанындағы ресми орган ретінде қызмет атқарады.
Жаңартылған кеңестің өкілеттігі де айтарлықтай кеңейді. Енді аталған орган Ұлттық қордың қаржысын басқару саясатын жүргізумен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтерін бақылауға да тікелей араласады.
Ұлттық қор қаражатының республикалық бюджетке трансферт түрінде аударылатын көлемі, нысаналы мақсаты және нақты бағыттары бойынша ұсыныс әзірлейді.
Сонымен бірге, ірі ұлттық жобаларды қаржыландыру және мемлекеттік активтерді қандай инвестициялық құралдарға салуға болатынын анықтау секілді стратегиялық шешімдерді дайындайды.
Президент Тоқаев кеңеске жеке өзі төрағалық етіп, отырыстардың күн тәртібі мен форматын белгілейді. Сондай-ақ, пікір тең түскен жағдайда Президенттің дауысы шешуші болады.
Кеңестің қалған құрамы өзгеріссіз қалды. Оның құрамына Премьер-министр, Парламенттің қос палатасының спикерлері (келісім бойынша), Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық банк төрағасы, Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі, Ұлттық экономика министрі және Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы кіреді.