Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ит шабуылынан баланы құтқарып қалған азамат марапатталды (ВИДЕО)

17:08, 10 шілде 2025 395

Алмалыбақ ауылында ит шабуылына ұшыраған 10 жасар баланы аман алып қалған ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаевқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ALASH.kz.

Оқиға 30 маусым күні ауылдағы футбол алаңында болған. 10 жасар Максим Головачевке кенеттен ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды. Құзырлы органдар келгенше Серікбек Сақайбаев дереу әрекет етіп, өміріне төнген қауіпті елеместен, итке қарсы тұрып, баланы өлім аузынан арашалап қалды.

Азаматтың батылдығы ескерусіз қалмады. Қарасай ауданы әкімдігі ұйымдастырған марапаттау шарасында аудан әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек Сақайбаевқа аудан әкімі Жасұлан Естеновтың атынан Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.

Салтанатты жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков және аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов қатысып, өз алғыстарын білдірді. Сағат Мәсімақынов өз батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын айтты.

Бұл жағдай қоғамдағы қауіпсіздік пен сергектіктің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қарасай ауданы әкімдігі тұрғындарды бақылаусыз ит ұстау деректері туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырып, Максимнің тез сауығып кетуін тілейтінін жеткізді.

«Адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздік – біздің ең басты құндылықтарымыз», – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар