Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Музейге кіргізбеу керек”: Қайнар Олжай Абайды әжуалаған журналиске қатаң ескерту жасады

18:07, 17 шілде 2025 581
Белгілі журналист Қайнар Олжай өзінің фейсбук парақшасында Абай мен Ділдәні әжуалаған журналист-блогер Әлия Әшімге қатаң ескерту жасап, бұдан кейін мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеу керектігі туралы айтты, деп жазады Alash.KZ.
 
"Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі дирекциясы тарапынан ресми мәлімдеме күткенбіз. Әлияның әжуасы осы мекемеге қарасты Жидебайдағы Абайдың музей-үйінде түсірілген. Демек, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі дирекциясы ресми мәлімдеме таратуы керек еді.
Неге?
Әлияның әжуасына қарағанда бүкіл музей Абайдың өз әйелін «неткенін» көрсету, дәлелдеу үшін құрылған, жәдігерлер сол үшін жинақталған болып шығады. Бұл осы музейді құрғызған, онда қызмет еткен адамдың бәрін мазақтау болып естіледі. Аузынан байқаусызда шығып кетсе жарайды. Жоқ, өзі екі рет қайталайды. Әрі қарай қасындағы құрбысына айтқызбақ болады. Тіпті, «Абайдың әйелін нетуін» бұларға мүлде қатысы жоқ, музейді көруге келген кісіге айтқызбақ болады. Ол кісіде ұят бар екен, шегіншектеп шығып кетті.
Демек, Әлия алдын ала осы үшін дайындалып келген. Әйтпесе, оны әлеуметтік желіге жүктер ме еді. «Әбестік істеппін-ау» деп тоқтар еді ғой" дейді қаламгер ағамыз.
 
Журналист Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі дирекциясының әрекетсіздігіне қапалы екенін жасырмайды.
 
"Жоқ, ештеңе болмағандай, тып-тыныш отыр. Иә, «нету» сөзі – боқтық емес, қорлау емес, сондықтан қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға арыз жаза алмайсың. Бірақ, рухани жағынан музейге сұрапыл нұқсан келгені даусыз. Сондықтан мекеме тарапынан әлі де болса мынандай әрекет істеледі деп күтеміз:
• Әлияның құжаттағы толық аты-жөні анықталады. Өйткені, талайлардың желідегі жамылғы аттары құжаттағы аттарынан бөлек болып шығады.
• Музейдің директоры арнайы бұйрық шығарып, осы адамның (қосымшада фотосын көрсете отырып) бұдан былай музейге кіргізілмеуін кассаға, күзетке тапсырады. Өйткені, осы адамның ойына Абайдың тағы бір пенделік ісі түсіп, ол туралы да әлемге әйгілеуі ғажап емес. «Адам – пенде, пенде әлсіз» деп жазған абайтанушылардың ең алдыңғы қатарында тұруы тиіс М. Мағауин.
• Келесі бұйрықпен немесе осы бұйрықтың кезекті параграфы етіп Абайдың 180 жылдық тойы аяқталғанша музей ішінде бейне, дыбыстық және және фото түсірілім жасауға тыйым салады. Музейге келіп, бұған өкінгендер болады әрине. Бірақ олардың арасынан тағы бір «Әлия» шықпасына кім кепіл.
Жете ме, жоқ!
• Енді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі дирекциясы 2018 жылы құрылуына өзі атсалысқан «Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігіне кірген 59 музейді өзінің осы шешімінен құлағдар етеді. Олардың Әлияны кіргізу-кіргізбеуі өз ықтиярында. Бірақ сақ болған жөн. Бұл адам ертең Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінде тұрып «Ахмет атамыз Бадрисафаны осы бөлмеде неткен» деп жар салуы мүмкін ғой.
Міне, осындай нақты шара ғана сабақ болар еді. Халыққа. Ұрпаққа. Ұрпаққа тәрбие беруі тиіс журналистерге. Атын шығару үшін жер өртеп жүретін блогерлерге.
 
Қайнар Олжай блогердің қоғамнан кешірім сұраумен ғана шектелуін аз деп отыр.
"Кешірім сұрау да ештеңе емес. Күні ертең ұмытылады. Бір рет ащы сабақ берсе, сонда ғана санаға шегеленеді. Қазақты қазақ етемін деп ащы сабақ берген Абай атамыздың өзі емес пе!" деп түйіндейді ойын.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар