21 тамыз күні Қонаев қаласындағы “Бавария” кафесінің жанында жастар арасындағы жанжал ауыр қылмысқа ұласқан, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдымен бірнеше жас жігіттің арасында дау шыққан. Жанжалды шешпекке тағы жігіттер қосылып, жағдай одан әрі шиеленіскен. Дәл сол сәтте екі көлік қатты жылдамдықпен топқа қарай соғылып, бірнеше адамды жаралаған. Артынша жанжалға қатысушылардың бірі пышақпен шыққан.
Жараланғандар ауруханаға жеткізілді. Ж.У. есімді ер адам бас сүйіегінен, бетінен, тізесінен және омыртқасынан ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оған бірнеше ота қажет екенін айтты, бірақ бас сүйегінің жарақатына байланысты наркоз қауіпті болып тұр.
Алматы облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір істің барлық мән-жайы анықталуда.
Алайда жәбірленушінің жұбайы басты күдікті әлі де бостандықта жүргенін айтты. Оның сөзінше, күдіктінің туыстары үйге келіп, балалардың көзінше “мәселені бейбіт шешуді” ұсынып, әлеуметтік желідегі жазбаларды өшіруді талап еткен.
“Олар болған оқиғаны кездейсоқ жағдай деп түсіндіріп, кешірім сұрады. Алайда, жастарды әдейі көлікпен қағып, жаралы адамды қайта соққыға жымақ болған әрекетті қалайша ‘’кездейсоқтық’’ деп айтуға болады?”, - деді жәбірленушінің жұбайы.