Алматылық "Қайрат" клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков төменгі жақ сүйегін сындырып, алдағы ойындарға қатыса алмайтын болды. Бұл туралы “Қайрат” клубының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«Алдын ала қойылған диагноз – төменгі жақ сүйегінің сынуы. Өкінішке қарай, Темірлан жақын арадағы матчтарға шыға алмайды. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі», - деді «Қайрат» футбол клубының медиа-офицері Арман Жақсығұлов.
Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында алматылық "Қайрат" пен "Ақтөбе" кездесті. Алайда алаң иелерінің қақпашысы Темірлан Анарбеков матчтың 13-минутында ауыр жарақат алып, ойынды жалғастыра алмады. Оның орнына 18 жастағы Шерхан Қалмұрза алаңға шықты.
Айта кетейік, ойынның 10-минутында Темірлан Анарбеков допты қағып алмақ болған сәтте қарсылас ойыншымен соқтығысып қалған. Қақпашыға дереу медициналық көмек көрсетілді. Оқиғадан кейін шамамен 20 минуттан соң жедел жәрдем келіп, футболшыны алаңнан алып кетті.