80 жастағы қазақстандық зейнеткер сот арқылы 8 баласы мен немересінен алимент өндірді, деп жазады Alash.KZ.
Зейнеткер 10 жылдан астам уақыт жалғыз тұрады. Ол сотта бір ғана ұлының хабарласып тұрғанын, қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпейтінін айтты.
Сөзінше, денсаулығы мен материалдық жағдайының нашарлауына байланысты туыстарының көмегіне зәру.
Сот оның 8 баласы мен немересінен зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін әрқайсысы 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде алимент өндіру туралы шешім шығарды.
«Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, талап қоюшының талаптары ішінара қанағаттандырды. Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 8 баласы мен немересінің әрқайсысынан 3 АЕК мөлшерінде алимент өндірді», - деп хабарлайды сот.
Қазақстанның заңы бойынша, яғни, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Балалары көмектеспесе, олар еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент ала алады.