Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Украинаның болашағы бұлыңғыр": Зеленский даулы заңға қол қойып, өз жұртын дүрліктіріп қойды

12:46, 23 шілде 2025 892

Украина президенті Владимир Зеленский Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро (НАБУ) мен Арнайы сыбайлас жемқорлық прокуратурасының (САП) өкілеттігін шектейтін заң жобасына қол қойды. Бұл туралы Alash.kz ұлттық порталы "Страна.ua" Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Заң жобасына қол қойылғаны туралы ақпарат Жоғарғы Раданың ресми сайтында жарияланған. Бұған дейін сайтта техникалық ақаулар орын алып, заң жобасы "президентке қол қоюға жіберілді" деген мәртебеде қалып тұрған. Кей қолданушылардың айтуынша, заңға Зеленский бұрын қол қойғанымен, оны ресми түрде тек жаппай наразылықтар аяқталған соң жариялаған.

Бұл туралы журналист Нұрбек Түсіпхан FaceBook желісіндегі ресми парақшасында жазып, өз ойын ортаға салған.

"Украинаның қауіпсіздік қызметі НАБУ қатарында ресейшіл сатқындар көп деп, өткен күндері бюродағы бірнеше лауазымды адамның қолына кісен салды. Алайда жемқорлықтан әбден зәрезап болған украиналықтар бұны “кино” деп есептейді әрі сенбейді. Кейбір сарапшының сөзіне қарағанда, жемқорлықты індете қазған бюро президент пен президент әкімшілігі жетекшілерінің айналасына, олардың жақын достары мен туыстарына ауыз салып, іздеріне түскен. Соғыс жағдайы ғой. Зеленскийдің шешімдері кейде құптарлық, кейде күмән туғызады. Бір анығы, бұл кісі билікке ғашық боп қалса - Украинаның болашағы бұлыңғыр. Ақымақ емес шығар, ақырын күтейік", – деді Нұрбек Түсіпхан.

22 шілде кешке Киев тұрғындары ел астанасының орталығындағы Иван Франко атындағы драма театры алдында жиналып, заң жобасына қарсылық білдірді. Осыған байланысты үкіметтік кварталдағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Тіпті кей деректерге сүйенсек, арнайы қорғалатын аймаққа рұқсатсыз кірген азаматтар "террорист" ретінде қарастырылатыны да айтылған.

Наразылықтар Украинадағы бірнеше қалаға – Одесса, Днепр және Львовқа да таралды. Митингке қатысушылар Зеленский кеңсесіне қарсы ұрандар айтып, ашық наразылық танытты. Ал Киевтегі акцияға қала мэрі Виталий Кличко да қосылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар