Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шындық түбі шықты: Жоғарғы сот толық мәлімдеме жасады

18:10, 05 маусым 2025 2369

Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыпталушыларға шығарылған үкімге қатысты Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі түсініктеме таратты, деп хабарлайды ALASH.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Редакция түсініктеменің толық мәтінін ұсынады:

Сот ұсынылған барлық дәлелдерді зерттеп, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденген деген қорытындыға келді.

Сот барысында жәбірленушілер мен куәгерлердің барлық айғақтары тыңдалды, қылмыс орнындағы бейнежазбалар ұсынылды, қажетті сараптамалар жүргізілді, заттай дәлелдер тәркіленді. Бұл дәлелдердің шынайылығына күмән жоқ.

Осы дәлелдер әр айыпталушының әрекетін нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Шерзат Полатқа өлімге әкелген пышақ жарақатын дәл Шынасыл салғаны медико-криминалистикалық сараптаманың қорытындысымен расталды.

Сараптамада жарақаттың Шынасылдың пышағымен салынғаны пышақ жүзінің сипаттамасы бойынша анықталған. Пышақ орман ішінен табылған, оған сілтеме жасаған – Шынасылдың өзі. Тергеу барысында Шынасыл кінәсін мойындаған.

Ал қалған айыпталушылардың әрекеттері Шерзат Полатқа жеңіл дене жарақатын келтірген. Бұл да сараптама қорытындысымен расталған.

Заң бойынша қылмысты екі не одан да көп адам бірігіп жасаған жағдайда, ол топпен жасалған қылмыс деп танылады.

«Мен бұған дейін айтқандай, өлімге себеп болған жалғыз пышақ жарақатын Шынасыл салған. Сондықтан дәл сол адам — Шынасыл адам өлтіру бабымен кінәлі деп танылды. Ал бұзақылық дегеніміз – қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, оған жеңіл дене жарақатын келтірумен жасалған күш қолдану да жатады. Сондықтан қалған айыпталушылардың әрекеті, соның ішінде Полатқа да жеңіл жарақат келтіруі бұзақылық ретінде сараланды. Айта кету керек, айыпталушылар Белгожаев пен Ильясовтың қолында пышақ пен оқталған мылтық болған. Олар пышақ сұғып не мылтықпен атуы мүмкін еді, бірақ пышақтың сабымен және мылтықтың дүмімен ұрған», – деді істі қараған судья.

Жаза тағайындау кезінде сот ҚР ҚК 53-бабында көзделген жеңілдететін мән-жайлар тек Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтар мен Қалиахметке қатысты бар екенін (олардың кәмелетке толмаған балалары бар), сондай-ақ айыпталушы Ысқақтың кәмелетке толмаған екенін ескерген.

Ал басқа айыпталушылар үшін, кәмелетке толмағаннан басқасының бәріне, мас күйінде қылмыс жасау – ауырлататын мән-жай ретінде танылған. Сот сонымен қатар айыпталушылардың жеке тұлғаларын, олардың кейбірінің бұрын сотталғанын ескерді.

Атап айтқанда, Тоқтаубаев Азамат пен Ильясов Нұрқиясқа бұрынғы өтелмеген жазаларын ескере отырып, тиісінше 15 және 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл — ең жоғары мерзімге жақын. Қалған бұзақылық үшін кінәлі деп танылғандарға заңда көзделген ең жоғары жаза — 7 жыл тағайындалды.

Моральдық зиянды өтеу ретінде, қылмыс жақын туыстарының көз алдында жасалғанын ескере отырып:

– Шынасылдан 60 миллион теңге,

– Сакиевтен 30 миллион теңге,

– қалған сотталғандардан және Сакиевтен бұзақылық бөлігінде бірлескен тәртіппен 30 миллион теңге өндірілді.

Кәмелетке толмаған айыпталушы Ы-ға қатысты жәбірленуші тарап азаматтық талап қоймаған.

Бұдан бөлек, сот жекеше қаулы шығарып, куәгерлер Жақсыгелді Д.А., Нұрбекова Э.К., Қазакенов А.М., Рузбакеев Ю.Д. әрекеттерінен қылмыс белгілерінің бар екеніне прокурордың назарын аударды. Олардың кінәсінің дәрежесін құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

«Аталған сот процесі толықтай ашық әрі жария түрде, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. Барлық отырыстар тікелей эфирде көрсетілді, қоғам тарапынан ерекше назар болды. Соған қарамастан сот бейтараптылықты сақтап, тек заң нормалары мен әділет қағидаттарын басшылыққа алды.

Соттың тәуелсіздігі мен заң үстемдігі – әділдіктің негізі, және ешқандай сыртқы ықпал бұл ұстанымды өзгерте алмайды.

Сот шешімі жан-жақты, толық және объективті қаралған іске негізделген және заңдылық пен әділет талаптарына сай. Қылмыс жасағаны үшін жазаның болмауы мүмкін емес, себебі тек осылай ғана қоғамда заң мен тәртіп қамтамасыз етіледі», – делінген соттың түсініктемесінде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар