Нұржігіт Үйсінбаевты 10 тамызда туыстары соңғы сапарға шығарып салды. 33 жастағы майор бұл мамандықты бала күнінен армандаған екен. Ұлын жоқтаған анасы ұшқыштың техниканы жан-тәнімен сүйгенін айтады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
"Жастайынан әскери болуды армандады ғой. Кішкентайынан тәртіпке бағынып, бізді де тәртіппен жүргізетін. Аспанда қалықтап жүруді бала кезінен армандады. Бүкіл өмірін осы әскери авиацияға арнады ғой. Күндіз-түні ұшты. Мыңдаған сағаттар жинады. Санатын да көтерді. Бүкіл оқуын оқыды. Қандай жаңа шыққан оқу болса біреуінен қалмады ғой. Қатарының алды болды. Өзінің техникасын жан-тәнімен жақсы көретін еді гой. Мамам мен аспанда ұшсам, құстай қалықтаймын дейтін", – деп еске алды ұлын кара жамылған ана.
Stan.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласының тумасы отбасында екі ұлдың үлкені екен. 2008 жылдан бастан армандаған мамандығына оқуға түсуге дайындалыпты. Алғашында жолы болмай, ақыры 2010 жылы Актөбедегі "Әуе қорғаныстарына" түседі. Содан бері 15 жыл бойы әуеде мінсіз қалықтау үшін дамылсыз білім алған екен.
"2010 жылы Актөбедегі "Әуе қорғаныстарына" түсті. Түскен кезде қатты қуанды. Өзінің арманы еді. 2014 жылы лейтинант шенімен шығып, содан бері 11 жыл ұшады. Қатты жақсы көретін тікұшақты. Сол тікұшақпен кетті енді. Түрінен танитын жағдайда болды. Бет-келбеті сақталып қалған. 15 күн дегенде табылды. Жұмысына адал еді. Мінезі тік. Тап-таза, тура жүретін жігіт еді. Ішпейтін, шекпейтін. Еңбеққор еді гой. Үйдін үлкені болғасын қамқоршымыз еді. Еркелеп, соған сеніп жүрдік", – деді марқұмның інісі Ержігіт Медетов.
Марқұм туған жерінде жерленді. Соңғы рет жұмысқа дәл осы Ленгір қаласынан аттанған екен. Тікұшаққа өзім шығарып салдым деген Ержігіт Медетов ағасының қамсыз кеткенін айтады.
"Мамам екеуі Алматыда тұратын. Түс көргендей болып тұрмыз. Әлі сене алар емеспіз. Кеше ғана көз алдымызда жүрген жігіт. Ойнап-күліп, барам да келемін күтіп ал мені деп кеткен жігіт еді. Осылай күтіп алатынын білген жоқпыз ғой онын. Жұмысы үшін жанын берді ғой", – деп қосты Ержігіт Медетов.
Еске салайық, осыдан екі апта бұрын Алматы облысындағы Сорбулақ маңында тікұшақ ұшты-күйлі жоғалған еді. Төтенше жағдай министрлігі содан бері техниканың бөлшектерін ғана тапқан. Ал кеше тікушақты тізгіндеген командир денесі анықталды.
"Кеше таңғы сағат жетілер шамасында сол жақта болдық. Сүңгуірлер түсіп, ұшақты таптық деген хабар келді. Бір адам бар деді. Менің ағама ұқсатты. Бізді мәйітханаға алып барды. Сол жақта таныдық. Ағамның келбетін көрдім өз көзіммен. Келбетін таныдым. Сол қалпында жатыр. Судың астынан тікұшақтың жанынан алып шықты. Тікұшақтың ішінде емес, сыртында тұр деді сүңгуірлер. Шын мәнісін, қалай болғанын білмеймін. Судың астынан алып шыққанын білемін. Болды. Кешкісін ұшақпен алып келді үйге", – дейді марқұмның інісі.
Қара жамылған отбасы іздестіру жұмыстарын істеген мамандарға алғыстан басқа айтарым жок деді. Ал істің ақ-қарасын тергеуге тапсыратынын жеткізді.