Шерзат ісі: басты айыпталушы 23 жылға сотталды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Талдықорған қалалық сотында 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша үкім шығарылды.
Істің басты фигуранты Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған айыпталушыларға бұдан жеңіл жаза тағайындалды.
Бүгін, 2025 жылғы 5 маусымда, судья Ержан Жанұзақов Талғар қаласында жасөспірім Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот үкімін жария етті:
Басты айыпталушы Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру»), 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық»), 24-бабының 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу») бойынша 23 жылға бас бостандығынан айырылды;
Равиль Сакиев – ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық»), 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру»), 24-бабының 3-бөлігі («Қылмыс жасауға оқталу») бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
Азамат Тоқтаубаев – ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық»), 188-бабы («Ұрлық») бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды.