Қазақстан-Британ техникалық университетінің 18 жастағы студенті Нұрислам Ақылбеков 2 шілде күні тауға кетіп, содан бері үйіне оралмаған, деп хабарлайды Alash.kz.
Нұрислам – Шымкент қаласының тумасы. Биыл Алматыға көшіп, ҚБТУ-ға оқуға түскен. Туыстарының айтуынша, ол тауға жалғыз емес, қасында бір танысы бар екенін айтқан. Алайда ол адамның кім екені белгісіз – есімін атамаған, қандай да бір нақты дерек қалдырмаған.
Нұрисламнан бірнеше күн хабар болмаған соң, жақындары полицияға арызданған.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше:
"Жігіт 2 шілде күні сағат 15:02-де Алма-Арасанды кесіп өткен. Оның ұялы телефоны 4 шілде күні сағат 21:59-да Тянь-Шаньдағы биік таулы ғылыми станция (Космостанция) маңында өшіп қалған", – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда студентті іздеу алтыншы күн қатарынан жалғасып жатыр. 6 шілдеден бастап іздеу жұмыстарына ТЖМ-нің қызметкерлері де тартылды.
Құтқару тобы мына үш бағытта іздестіруді жүргізіп жатыр:
- Космостанциядан Үлкен Алматы көліне дейінгі аралық (жотаның екі жағы);
- Алма-Арасан мен Аюсай бағытындағы беткейлер;
- Космостанциядан шекара бекетіне дейінгі тау бөктерлері.
Жалпы іздестіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе тобы, Республикалық жедел-құтқару жасағы, Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері, 109 қызметі, шекара күзеті, полиция және еріктілер, барлығы 44 адам, сондай-ақ 8 арнайы техника, 4 кинологиялық топ және 3 дрон жұмылдырылған.
"7 шілде күні сағат 13:50-де ТЖМ-нің Ми-8 тікұшағы іздеуге шықты. Экипаж құрамында төрт адам", – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Алматы ТЖД құрған жедел штаб аймағында Нұрисламның ағасы және оның тоғыз туысы құтқарушылармен бірлесіп жұмыс істеуде. Жақындары қазақстандықтардан қандай да бір мәлімет болса, хабарласуды сұрайды.