Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Не деген опасыздық?!” - Алаяқтарға алданған профессор Тоқаевқа үндеу жасады (ВИДЕО)

09:20, 10 тамыз 2025 238

Белгілі жазушы әрі профессор Кәкен Қамзин алаяқтардың құрбаны болып, жалғыз баспанасынан ресми түрде айырылғанын мәлімдеді. 70 жастан асқан ұстаздың айтуынша, қазір ол үйсіз қалу қаупінде, деп жазады Alash.KZ.

Интернет алаяқтардың гипнозына түсіп, үйін бәз-біреулердің атына жазып берген филолог-ғалым қазіргі кезде үйін қайтарып алуға халықтан жинап жатқан жылудың қажетті межеге жетпей тұрғанын айтты. Оқиғаның мән-жайын білмек болып барған журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген арнайы сұхбатында Кәкен Қамзин үш бөлмелі пәтерінің тарихын таныстырып, екі бөлме толы кітаптарын көрсетті.

Кеңес Үкіметі кезінде еңбегін бағалап ағама осы үйді береді. Құдайға шүкір! Тәуелсіз ел болдық! Бірақ, қазір алаяқтардың құрбаны болып, сол үйінен айырылғалы отыр. Не деген опасыздық, ә?!

Нұрсейіт Жылқышыбай

Сондай-ақ, ғалымның қызы құзырлы органдар мен әкесімен қызметтес болған құрығы ұзын жандарға іштей ренішін білдірді. Айтуынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Министрліктен кәсіподақтан бөлінген қаражаттан өзге бір ауыз үндеу мен қолдау келмеген.

Кәкен Қамзин аталмыш сұхбатта өзі сияқты алданып қалғандар туралы айтты:

Өткен аптада мыңдаған адамның алданғаны туралы мәлімет шықты. Бірақ, соның көбі оны жариялаудан, көрсетуден ұялады, қорқады.

Сөз соңында профессор ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз өтінішін айтты:

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Менің басымдағы жағдайды сіз білмейтін шығарсыз. Әрбір адамның хал-жағдайын білу сіздің міндетіңіз емес шығар. Бірақ, мына мәселені сізге айтшым келіп отыр. Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Кәкен Қамзин. Мен кибер алаяқтардың арбауына түсіп, бүкіл қаражатымнан, баспанамнан айырылғалы отырмын. Менің басыма түскен қиын жағдайдан құтқарсаңыз екен. Мен сіздің бизнесмендерге, әкім-қараларға ықпалыңыз жүретінін білемін. Сіз өзіңіздің беделіңізді салып, соларға емеурін танытсаңыз деген тілегім бар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар