Пәтердің нарықтағы бағасы шамамен 3,5 миллион дирхам, яғни қазіргі бағаммен 520 миллион теңгеге жуық.
Ақмарал Есполоваға тиесілі пәтер — үш жатын бөлмесі және 15 шаршы метрлік террасасы бар кең нысан. Ол Paramount Tower Hotel & Residences кешенінің 40-қабатында орналасқан. 66 қабатты ғимарат 2021 жылы Қытайдың мемлекеттік құрылыс корпорациясы арқылы салынған.
Кешеннің 15–25-қабаттары қонақүй ретінде пайдаланылса, 26–63-қабаттар тұрғын үйге арналған. Ал жоғарғы қабатында бассейн мен басқа да инфрақұрылымдар қарастырылған.
Ақмарал Есполова — белгілі академик Тілектес Есполовтың қызы және Әсел Құрманбаеваның әпкесі. Әсел Құрманбаева Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми жары ретінде белгілі. Жазба авторларының мәліметіне сүйенсек, Әсел де академик Есполовтың некесіз туған қызы болуы ықтимал.
Ресми ақпарат бойынша, академик Тілектес Есполовтың төрт заңды баласы бар: Ақтоты, Айдос, Бектенбай және Ақмарал. Әсел Құрманбаева 1980 жылы дүниеге келген, яғни Ақмаралдан екі жас кіші.
Ақмарал Есполованың іскерлік мүдделері де назар аударуға тұрарлық. Ол бұрын Александр Клебанов және Сергей Канмен бірге «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ-ның шамамен үштен бір үлесіне иелік еткен. Уақыт өте келе компания активтері қайта құрылып, үлестері Клебанов пен Кан арасында қайта бөлінген.
Бұдан бөлек, Ақмарал Есполова Астанада тіркелген YN LLC құрылыс компаниясының иесі ретінде де белгілі.