Түркістан облысында ұсталған әйелге зорлық көрсетті деп айыпталған полицейге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Alash.KZ сайты облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
«2025 жылғы 8 мамырдағы сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда, үкім заңды күшіне енген жоқ, себебі айыпталушының адвокаты апелляциялық шағым түсірді», – делінген хабарламада.
Мәлімделгендей, Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде зорлау фактісі бойынша М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы полиция қызметкері бола тұра, 2024 жылғы 17 қыркүйек күні кешке Сарыағаш аудандық уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған Ж. есімді әйелді зорлаған.
Қылмыс бейнебақылау орнатылмаған бөлмеде жасалғаны анықталған.
Сот отырысы барысында жәбірленуші әйел жыныстық қатынасқа өз еркімен барғанын, арызды жүктілік кезінде депрессиялық күйде жүргенде жазғанын мәлімдеген.
«Айыпталушы өзін ақтауды сұрап, жыныстық қатынас екі жақтың келісімімен болғанын, дегенмен қызметтік өкілетін пайдаланғанын мойындаған. Қорғаушы да осы ұстанымды қолдаған», – деп көрсетілген хабарламада.
Сотталушының кінәсі сот-медициналық-биологиялық сараптама қорытындылары, ультрадыбыстық зерттеу нәтижелері, жәбірленушінің тергеу кезіндегі айғақтары, беттестіру хаттамалары мен өзге де дәлелдер арқылы расталған.
Сот жеңілдететін жағдай ретінде сотталушының отбасылық жағдайын және жәбірленушімен татуласқанын есепке алған. Ал ауырлататын жағдай ретінде – құқық қорғау органдарының қызметтік антын бұзғанын атаған.