Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Зорлық көрсетіп, аш қалдырды: Құлдықта болған “Мұқан ісі” туралы жантүршігерлік жаңа ақпарат пайда болды

11:30, 16 мамыр 2025 1269

Солтүстік Қазақстан облысында бостандығынан заңсыз айыру дерегі бойынша қозғалған істің тергеуі аяқталды.

Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған қазақстандық спортшының күйеуіне «құлдыққа салды» деген айып тағылған болатын. Алайда, тергеу нәтижесінде қылмыстық іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды, деп хабарлайды ALASH.KZ Tengrinews.kz тілшісіні сілтеме жасап.

Өткен жылдың күзінде Алматы облысының 24 жастағы тұрғыны Мұқан есімді азамат СҚО-ның алыс ауылында он айдан астам уақыт бойы құлдықта болғанын мәлімдеген.

Оның айтуынша, спортшы әйел мен оның күйеуі бірнеше жыл бұрын кездейсоқ танысып қалған Мұканды жоғары жалақы уәде етіп ауылға шақырып, кейін оны тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеп, үйінде күшпен ұстаған.

Мұканның айтуынша, олар оның телефоны мен құжаттарын алып қойған, ол үйді қарап, шаруашылықпен айналысқан, ал өзі моншада тұрып, дұрыс тамақ та берілмеген.

Бұған дейін Tengrinews.kz сайтына жәбірленушінің өкілі, заңгер Нұрболат Ибраев берген сұхбатында Мұканды спортшының күйеуі жүйелі түрде ұрып-соққанын айтқан болатын.

“Мұканның басында да, денесінде де көптеген жарақат іздері бар. Ол қашып кетуге тырысқан, бірақ оны ұстап алып, қатты соққыға жыққан. Ол тек көрші баланың арқасында қашып құтылған. Сол бала Мұканға телефон беріп, ол бауырына хабарласқан. Бауыры баланың нөміріне ақша жіберіп, бала сол ақшаны шешіп, Мұканға берген. Содан соң Мұкан жол-жөнекей көліктермен Көкшетауға жетіп, бауырымен хабарласып, үйіне оралған”, – дейді заңгер Нұрболат Ибраев.

Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі (“Тұлғаны қанау мақсатында заңсыз бостандықтан айыру”) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Кейінірек Мұкан мен спортшының күйеуі Tengrinews.kz сайтына берген сұхбаттарында оқиға туралы бір-біріне қарама-қайшы мәліметтер айтқан.

Мысалы, спортшының күйеуі Мұканмен Астанада танысқанын, ол сол кезде аялдамада аш-жалаңаш, соққыға жығылған күйде жатқанын айтқан.

“Мен оған пәтер жалдап бердім, тамақ сатып алып бердім. Кейін өз үйіме кеттім. Ол сол жақта қалды. 2021 жылы ол менен 2 миллион теңге қарызға алды. Ол қаржылық пирамидаға ақша салып, бәрін жоғалтты. 2023 жылы ол менің үйіме келіп, біраз уақыт тұруға рұқсат сұрады. Біз сол уақыт аралығында WhatsApp арқылы хат-хабар алмасып тұрдық. Ол Астанада қарызы барын, адамдар ақшаны талап етіп жатқанын айтты. Менде барлық аудио бар”, – деді спортшының күйеуі.

Нәтижесінде, тергеу барысында барлық жайттар анықталып, қылмыстық іс тоқтатылды.

“СҚО полиция департаменті 24 жастағы азаматтың бостандықтан заңсыз айыру фактісі бойынша арызы негізінде жүргізілген тергеуді аяқтады. Тергеу барысында оның өз еркімен келгені, еркін жүріп-тұрғаны, ешқандай шектеулер болмағаны анықталды. Құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан іс тоқтатылды”, – делінген Tengrinews.kz сауалына жауап берген полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Сонымен қатар, ведомствоның мәліметінше, қазір “қорқыту” және “жалған мәлімет беру” белгілері бойынша материалдар тіркеліп, тиісті тексерулер жүргізілуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар