Бүгін Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полатты өлтіру дерегі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Бұл жолы сот 2024 жылғы 3-тен 4 қазанға қараған түні айыпталушылардың көлікте сөйлескен сәтіндегі аудиожазбамен танысты, деп жазады Alash.KZ сайты Dalanews.kz порталына сілтеп.
Жәбірленуші тараптың қорғаушылары сотта жазбадағы ең елеулі тұстарды атап көрсетті. Аудиожазбада мынадай жайттар анықталған:
Айыпталушы Нұрқияс Ілиясов оқиға кезінде Шерзаттың анасын өзі тоқтатып, сол сәтте оның ұлына өлімші жарақат салғанын айтқан;
Айыпталушылар шабуыл кезінде қолданылған қарудың қайдан шыққанын өзара талқылаған;
Қылмысқа қатысқандар елден қашу жолдарын қарастырған – олардың әңгімесінде Грузия мен Ресейге кету нұсқалары айтылған;
Іс фигуранттарының бірі Азамат Тоқтаубаев бөтен телефонды алғанын мойындап, оны дүкен маңынан тауып алғанын және кейін достарына қайтармақ болғанын айтқан.
Сот отырысында жазбада естілген дауыстардың айыпталушыларға тиесілі екені расталды – олар бұл фактіні мойындаған.
Қылмыстық іс бойынша тыңдаулар жалғасуда.