Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында сот-медицина бойынша сарапшы Тахир Халимназаров талдау жасады. Маман дене жарақатын саралап, марқұмға пышақтың қалай сұғылғанын айтып берді, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Сараптама маманының айтуына қарағанда, 16 жастағы Шерзатқа пышақтың сабына дейін сұғылған. Марқұм жарақатының тереңдігі 12 cантиметр болғаны анықталды:
«Пышақтың ұзындығы жарақаттың тереңдігінен қысқа болған. Пышақтың ұзындығы 10 сантиметр, ал жарақаттың тереңдігі – 12 сантиметр. Мұнда пышақ сабына дейін сұғылған. Пышақ кірген кезде үстінен басылған, сол себепті пышақтың жүзі сәл иілген. Соның нәтижесінде жарақат сәл тереңдеген», – деді сот сарапшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Тахир Халимназаров бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың сотында да сарапшы ретінде куәлік берген болатын.