Атырауда үйлену тойындағы жанжалдан кейін болған топтық төбелес кезінде 23 жастағы фельдшер оққа ұшты. Бұл туралы Atyrau ONLINE телеграм-арнасы хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қайғылы оқиға 17 тамызға қараған түні Атырауда болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал досының тойында басталған. Кейін бірнеше адамның арасында топтық төбелес орын алған. Жігітті достары жағдайды реттеуге көмектесуге шақырған. Алайда дау тоқтамай, жанжал одан әрі өрши түскен. Келіспеушілік кезінде оқ атылған. Оқ жігітке дәл тиіп, фельдшер оқиға орнында жан тапсырды.
Атырау облыстық полиция департаменті күдіктілердің ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің "Кісі өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды,- делінген ресми хабарламада.