Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, белгілі зілтемірші Алмас Өтешов су жаңа көлікке ие болды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, қуанышын оқырмандарымен бөлісті.
«Toyota Camry 80. Баршаңызға жұғысты болсын!» – деді Өтешов көлік жанында түсірілген видеосында.
Айта кетейік, бұл көліктің нарықтағы бағасы 19 миллион теңгеден жоғары.
Кезінде спорттағы жарқын жеңістерімен танылған Алмас Өтешов кейінгі жылдары көпшілік көзінен таса кеткен болатын.
Былтыр журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың жобасында экс-спортшы ішкілікке салынып, отбасы мен жұмысынан айырылғанын ашық айтып, көпшілікті алаңдатқан еді.
Осыдан кейін Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев оның тағдырына бейжай қарамай, жұмысқа орналастырды.
Өтешов болса, жаман әдеттерден бас тартып, жаңа өмір бастауға бел буғанын айтып отыр.
Қазір ол салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, өзін актер ретінде сынап көргенін де үлкен жетістік санайды.