Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мәжіліс барысында ЮНЕСКО және ИСЕСКО-мен өзара ынтымақтасты дамыту бойынша жоспарлар мен басымдықтар талқыланды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ЮНЕСКО-ның қарауына ұйымның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» енгізу туралы өтінім берілген. Бұл жайлы мемлекеттік кеңесші баяндады:
- 2024 жылдың наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың Үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көздің қарашығындай сақтап, әлемдік деңгейде таныту керек теңдессіз табиғи және тарихи нысандардың көптігін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЮНЕСКО-ның қарауына ұйымның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» енгізу туралы өтінім берілді. Қазіргі таңда Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау кеңесі сарапшыларының елімізге келу мәселесі талқыланып жатыр, - деді Ерлан Қарин.