Индонезияның Солтүстік Сулавеси провинциясында 280 жолаушысы бар паром өртеніп, салдарынан кемінде 3 адам көз жұмды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Оқиға KM Barcelona 5 паромы Манадо қаласы маңындағы теңіз суында болған кезде орын алған. Өрт шыққан сәтте жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында дүрбелең туындаған.
"3 адам қаза тапты, шамамен 150 адам құтқарылды. Олар құтқару қызметкерлері мен жергілікті балықшылардың көмегімен аман алып қалынды", – деді құтқару қызметінің өкілі Синьхуа агенттігіне берген мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Қалған жолаушыларды іздестіру және құтқару жұмыстары жалғасуда.